100%200%
Меркі ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    Аудан әкімі М.Өмірбековтың Ауған соғысы ардагерлерін құттықтауы

    Құрметті Ауған соғысының ардагерлері!
    Қадірлі меркіліктер!
    Бұрынғы КСРО мемлекеттері, оның ішінде, қазақстандықтар үшін 15-ақпан – тарихи күн. Себебі, осыдан тура 30 жыл бұрын, 1989 жылдың 15-ақпанында, Кеңес үкіметінің әскерлері Ауған жерінен шығарылған болатын.
    Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, ҚР Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы Н.Ә. Назарбаев өз сөзінде: «Күні кешеге дейін көпшілік қауым үшін белгісіз болып келген Ауған соғысының жылнамасы отандық жаңа тарихымыздың ең қаралы парақтарының бірі болып қала береді. Күш- жігері мен әл-қуаты мол, интернационализм идеяларын бойына сіңірген, Отан алдындағы борышын адал атқарған және өз болашағына имандай сенген жас ұрпақ осынау үлкен саяси ойынның құрбандығына шалынды. Мыңдаған жас азамат жат елде жан тапсырып, мыңдаған қандастарымыз ұрыс даласынан жарақатпен оралды. Оқ пен оттың ортасынан аман-есен оралғандар үшін Ауғанстан мәңгілік жан жарасына айналды» – деген болатын.
    Иә, сол бір жылдардағы қыршынынан қиылған боздақтардың ата- аналарының, жақын туыстарының қайғы-қасіретін сөзбен айтып жеткізу қиын. Он жылға созылған қасіретті күндер меркіліктерді де айналып өтпеді.
    Ауданымыздан Ауған соғысына 110 адам аттанса, оның 5-еуі майдан даласында ерлікпен қаза тапты. Олар: А.Қалқабаев, С.Рафальский, А.Уразов, А.Рычилов және Ю.Матвиенков. 105 азамат аман-есен елге оралып, ал оның ішінде, 24 азаматымыз денсаулық жағдайларына байланысты мүгедек атанды. Алайда, 8 азаматымыз сол кездері алған жарақаттарынан туған елде көз жұмды. «Қызыл Жұлдыз» орденімен – 3 азаматымыз марапатталса, «Әскери қызметі үшін» медалімен – 5, «Ерлігі үшін» медалімен – 5 азаматымыз марапатталды. 15-ақпан – көңілде сызы, жүректе ізі қалған ауыр да азапты жылдарды естелік етіп, оны көңілге тоқу ғана емес, сол кездегі жастай қыршын кеткен бауырларымызды еске алатын күн. Бұл күн – сол кездегі елге ағылған темір табыттардың тоқтаған күні. Бұл күн – жанары жасқа толы жесірлер мен жетімдердің, қара жамылған аяулы аналарымыздың жалғыз ұлдарын жоқтаған күні. Бұл күн – бақи болған
    қаһарман бауырларымызды қатардан іздеген күн… Құрметті Ауған соғысының ардагерлері! Сіздер бастан өткерген қайғылы жылдар мәңгі есте сақталады. Иә, өлгендер қайтіп келмейді, бірақ, соғыс жүрегіне өшпес жара салған азаматтарға құрмет көрсету – біздің қасиетті парызымыз.
    Баршаңызға зор денсаулық, жанұяларыңызға амандық тілеймін. Сіздерден төгілген шапағатты шуаққа барша қазақстандықтар бөленіп, абыройларыңыз асқақтай берсін!

     

    М.Өмірбеков,
    аудан әкімі.

    15.02.2019 жыл

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Меркенского района