100%200%
Меркі ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    Аудан әкімі Мейірхан Өмірбектің меркіліктерді Жаңа жыл мерекесімен ҚҰТТЫҚТАУЫ 01.01.2021 жыл

    01.01.2021 жыл

    Құрметті аудан тұрғындары!
    Сіздерді келіп жеткен Жаңа жыл мерекесімен шын жүрекпен құттықтаймын.
    Тарихқа еніп бара жатқан ескі жыл мол жетістіктерімен қатар, әлемді жайлаған
    індетімен де ел есінде қалды. Шымылдығын жауып, тарихтың қойнауына еніп
    бара жатқан жыл ауру-сырқауын да, ауыртпалығын да бірге ала кетсін деп тілейік.
    Қалай дегенмен де, өткен жылдың қиындығын еліміз болып жеңе білдік.
    Жалақы, жәрдемақы, зейнетақы, өзге де төлемдер уақтылы беріліп, орта
    және кіші бизнес дамыды, 550 мың теңгеден 895 азаматқа грант берілді. Олар
    жаңа технологияларды игеріп, өздерінің кәсіптерін ашып, ел жетістігіне үлестерін
    қосуда. Ауданымыз 2020 жылға белгіленген межелерді түгелімен дерлік жүзеге
    асырды.
    «Ауыл – ел бесігі», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту – 2020», «Нұрлы
    жол» бағдарламалары аясында ауданымызда көптеген игі істер атқарылды. Меркі
    ауданының тарихында болмаған 147 көше асфальтталып, күрделі жөндеуден
    өтті. Облыс әкімі Сапарбаев Бердібек Мәшбекұлының «Асарлатып үй салу»
    бастамасымен, ауданда көпшіліктің күшімен, 13 үй асарлатып салынып, ең аз
    қамтамасыз етілген, мүмкіндігі шектеулі, көп балалы отбасыларына және т.б.
    табыс етілді. Бұл меркіліктердің жылы жүректері мен атымтай жомарттығының,
    қайырымдылығы мен мейірімділігінің арқасында жүзеге асты. Оларға айтар
    алғысымыз шексіз. Сол сияқты мешіт жанынан асарлатып 250 орындық асхана
    да бой көтеріп, ел игілігіне айналды. Сұрат ауылдық округі облыс деңгейінде
    өткізілген «Үлгілі ауыл» байқауында оза шауып, үшінші орынды иеленді.
    Сол сияқты осы округте жүзеге асып жатқан «Қарапайым заттар экономикасы»
    пилоттық жобасы да өзінің оңды нәтижелерін берді. Атап айтқанда, сұраттықтар
    642,1 млн. теңге төмен пайызбен несиелер алып, бес бағыттағы 182 жобаны
    жүзеге асырды. Ауданда жылыжай саны 40-тан асты. Аймағымызда мал басы
    өсті. Ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілер алғашқы орындарды иеленіп
    келеді.
    Ауданымызда 2019 жылы 50 мың тонна қант қызылшасы жиналса, биыл 56
    мың тонна өнім алынды. Кейбір шаруашылықтар жекелеген гектарлардан мың
    центнерден астам қант қызылшасын өндірсе, «Сыпатай батыр» жауапкершілігі
    шектеулі серіктестігі 180 гектар жерден орта есеппен, әр гектардан 800-850
    центнерден тәтті түбір жинады.
    Бір сөзбен айтқанда, ауданымыз барлық салада өткен жылмен салыстырғанда,
    жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді.
    Табиғи газ, ауыз су мәселелері шешіліп, мектептер күрделі жөндеуден өтіп,
    білім, спорт салаларына жаңа ғимараттар салынды. Осындай жетістіктердің
    барлығы аудан жұртшылығының ынтымағы, бірлігі, қарымды еңбегінің арқасында
    мүмкін болды.
    Алдағы жыл еліміздің, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен
    жергілікті мәслихаттар сайлауымен де ерекшеленеді. Ауданымыздағы 55 мыңнан
    аса сайлаушылар ел болашағы, жарқын ертеңі үшін өз таңдауларын жасайтыны
    анық.
    Құрметті аудан тұрғындары!
    Сіздерге тиімді, әрі жемісті ынтымақтастықпен еңбек еткендеріңіз үшін
    ризашылығымды білдіремін.
    Жаңа жыл мерекесіне орай, бірлесе өркендеуге арналған, болашағы мол ізгі
    істеріміздің, барлық ой-армандарымыздың орындалуын шын жүректен тілеймін!

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Меркенского района