100%200%
Меркі ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    2018 жылы аудандық қоғамдық кеңестің атқарған жұмыстары туралы

    2018 жылы аудандық қоғамдық кеңестің атқарған жұмыстары туралы

    Міне, өзінің соңынан өшпес із қалдырып, «әлемдік кеңістікте өзінің лайықты орнын алған, жаңа әлемге жаңаша түрен салған, Тәуелсіздігінің 27 жылдығын аспандата тойлап, Сарыарқада жауқазындай  гүл ашып, 20 жылдығын  тойлаған Қазақ елі жаңа жылға, жиырма бірінші ғасырдың он тоғызыншы жылдығына нық сеніммен қадам басты, Елге ерекше сый, тарту тартқан күлелі, күлтелі он сегізінші жыл тарихқа сан толғау, сан тарау табысымен енді.

    Дана халқымызда «Берекені көктен іздеме, бірлігі бір көптен ізде» деген қанатты да, айдарлы сөз бар. Өткен жылда аудан еңбеккерлері өзгеше құлшыныспен, айрықша деуге болатын табыстармен аяқтады. Тарихқа енген ит жылының он айының қорытындысы бойынша ауданымыз алдыңғы үш орынның бірін иеленіп, барша аудан еңбеккерлерінің табысты, жемісті, іс-қимылының, еңбегінің арқасында абырой биігінен көрінді. Жыл қорытындысы да осы қол жеткен межеден жоғары болмаса төмендемейді деп күтілуде. «Өткен жылға өкпе жоқ» деуге негіз  болатын жағдай барша жұртшылықтың елді мекендерді көгеріштендіруге, абаттандыруға, тазалығына белсене атсалысуының арқасында ауданымыз мерекелік сәнге еніп келеді. Облыс деңгейінде ауданымыз «Үздік көрнекі ақпарат – 2018» байқауында «Үлгілі аудан» номинациясы бойынша бірінші орынды, «Жарнама көпшілікті тәрбиелейтін тәрбие құралы» атты тағы да облыстық байқауда жүлделі үшінші орынды иеленуі осының дәлелі болса керек.

    Аудан еңбеккерлерінің ынтымағы, бірлігі жараса еңбек етуіне үкіметтік емес ұйымдар, Қазақстан Халқы Ассамблеясының, аудан этно-мәдени орталықтарының, ардагерлер кеңесі мен ақсақалдар алқасының, қоғамдық кеңестердің де қосқан үлестері аз емес екені даусыз.

    Осы ретте үш жылға жуық мерзімде аудан көлемінде жұмыс жүргізіп жатқан қоғамдық кеңес шын мәнінде қоғам мен биліктің өзара іс-қимылының жаңа формасы ретінде қалыптасып, өмірге дендеп еніп, көпшілікпен қоян қолтық араласып, Елбасының «100 нақты қадам», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және күні кеше ғана баспасөз беттерінде жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық, түбегейлі тарихы, тәрбиелік үлкен мәні бар ұлағатты еңбектерін насихаттау мен жүзеге асыруда айтарлықтай жұмыс жүргізді.

    Жалпы аудандық қоғамдық кеңес, аудандық ардагерлер кеңесімін, ақсақалдар алқасымен өзара бірлесе қимыл жасауға шешім қабылдап, жұмыс жүргізіп келеді. Өткен жылы кеңестің төрт отырысы, алты қоғамдық тыңдау және аудан бойынша сегіз ауылдық округтің көше атауларын өзгерту туралы  оннан аса хаттамалық шешімдері қаралып, 74 көшенің атауын өзгертуге ұсынымдар берілді.

    Сол сияқты аудан әкімінің жергілікті полиция қызметінің жарты жылда атқарған жұмыстары туралы  есептері тыңдалып, оған тиісті баға берілді.

    Сол сияқты берік отбасын құру, жастар тәрбиесі, тіптен әртүрлі тойларды өткізу, оның тәрбиелік мәлімет мағынасына, өткізілетін уақтына дейін мән беру керек екенін ескеріп бірлескен үндеу қабылдап, бұл күнде жанды жұмыс жүргізіліп келеді.

    Сонымен қатар, аудан бюджетіне толықтырулар мен өзгертулергі, ауданның 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттік жобалары талқыланып, қабылданып, тиісті  өзгерістер енгізіліп, ұсыныстар айтылып, ұсынымдар берілді. Қоғамдық кеңес жанынан құрылған төрт комиссия жоспарлы жұмыс жүргізіп, мектептердің жаңа оқу жылына  дайындығы туралы, арнайы топтарға бөлініп, зерделеу жұмыстарын жүргізді. №18 спорт мектебі мен №1 жалпы білім беретін мектеп, «Тескентоған»  және «Қазақ Дихан» ауылдарындағы мектеп құрылыстары мен күрделі жөндеулеріне нақты бақылау жүргізіп, құрылыс барыстары  туралы аудандық газетте материалдар жариялап отырды.

    Кеңес мүшесі Әлмейізова Базаркүл Темірбайқызының төрайымдылығымен жұмыс жүргізетін «Әлеуметтік-мәдени, спорт, білім, денсаулық салалары, бюджет, қаржы және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері, жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Денсаулық бағдарламасының» ауданымызда орындалуы туралы мәселені жете тексеріп, зерделеп, сараптама жүргізіп, қоғамдық кеңестің отырысында қарап, атқарылып жатқан  жұмыстарға нақты баға берілді. Жалпы медицина саласындағы жұмыстарда әлі де болса оралымсыздықтар, түсініспеушіліктер, кемшіліктер бар екенін көрсетті, оны жою жолдары нақтыланды.

    Негізгі құрамы өмірлік тәжірибесі мол, әртүрлі мамандық иелерінен құралған қоғамдық кеңестің 21 мүшесі хал-қадірінше кеңес жұмысына белсене атсалысқаны үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жастарына, шау тартқандарына қарамай қай жұмысқа болса да белсене араласып, бірнеше комиссияға да мүше болып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, жастар тәрбиесіне де айтулы  үлес қосып, қраиялықтың дара үлгісін көрсетті.

    Алда әлі де болса атқарар жұмыстар ұшан теңіз. Бір ғана Елбасының  «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының көтеріп тұрған жүгі де, тарихи мәні де телегей теңіз десе болады. Оны зерделеу, жастардың бойына сіңіру, жеткізу әр атаның, әр саналы азаматтың  абыройлы борышы деп білеміз.

    Абыз аталарымыздың берекені қол жайып, көктен тілемей, бірлігі, ынтымағы, татулығы жарасқан көптен тілегені тегін емес. Ырыс қайда барады, ынтымаққа барары ықылым заманнан дәлелденген, өміршең қанатты сөз әлі де өз күшін жойған жоқ.

    Серік Құралбай,

    Аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Меркенского района