100%200%
Меркі ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    Жалпы мәлімет

    Меркі тарихы

    Меркі орта ғасырдан Ұлы Жібек жолы бойында үлкен сауда орнына айналған көне шаһар екендігі тарихтан белгілі. Біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ ғасырда көптеген деректерде ежелгі Меркі жерін батыс Қарлұқ тайпалары мекендегені айтылады. “Қарлұқтар – ежелгі түріктер” — деп жазады Ибн — әл Фахих “Китабахтар әл бұлданның” 166 бетінде. Сондай-ақ Қазақ КСР тарихының І томында “Қарлұқтар Тараздың шығыс жағында мекендеді. Мұнда олардың қарауында Құлан, Мирки қалалары болды” делінген. Меркі туралы 1716 жылы парсы тілінде жазылған “Қырғыз хандарының тарихында” былай делінген: “Бұл мекен жай ескі қала Тараздан шыққын жол бойында орналасқан. Аспара қамалынан 15 – 16 шақырымда Меркі елді мекені бар. Қала кішігірім өзен бойындағы биік төбеге орналасқан. Мешіті, керуен сарайы, жақсы базары бар…” Керуендер негізінен Жаркент пен Бұқарадан, Түркістаннан тоқтайды. Қала жасыл желекке бөленген. Бұған қарап Меркі жерін тек Қарлұқтар мекендеген ұғым тумаса керек. Оғыздар, қимақтар, соғдылар өмір сүрген. Табиғаттың таңғажайып көрікті жерінде орналасқан алтын бесік – туған жерімізді, түгін тартсаң майы шығатын мекен жайды ата-бабалырымыз дұрыс таңдап алғаны көрініп тұр. Бұл өлкеде ақбас қарлы шыңдары, аспанмен таласқан тау жоталары мен жүзген басқан құмды аймағы мен көгілдір кішігірім көлдері бар, қасиетті де киелі өлкенің шипалық сауықтыру аймағы екенін Республика жұртшылығы жақсы біледі. Меркі қазан революциясына дейін сауда тасымалдау орны ретінде ауруханасы, пошта, бастауыш мектебі бар ауыл еді. Әкімшілік учаскесінің орталығын пристав басқаратын. Учаскеде Меркі, Қарақыстақ, Қорағаты, Аспара болыстары болды. 1916 жылығы 13 шілдедегі патша үкіметінің қазақ – қырғыз жастарын майданға алу жөніндегі жарлығы кедей – шаруалардың наразылығын туғызды. Осы тұста Ақкөз Қосанов басқарған Ұлт азаттық көтеріліс басталды. Осы көтеріліске қатысушыларға Меркілік жас өскін кайраткерлер – “Қазақ – қырғыз жастары революциялық одағының” мүшелері Тұрар Рысқұлов, Қабылбек Сармолдаев, Мақсұт Жылысбаев, Ысқақ Әсімов саяси жетекшілік жасады. 1917 жылы Әулиеата уезінде Кенес үкіметі орнап, болыс атқару комиттері жанынан комунистік ұялар құрыла бастады. 1928 жылы 3 қыркүйекте ВЦИК-тің шешімімен Меркі ауданы құрылды. Аудындық партия комитетінің алғашқы бірінші хатшысы Қ.Таджин, аудандық атқару комитетінің төрағасы          Ш. Омаров, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы С.Оморходжаев болды. 1928 – 1929 жылдары Меркіде ұжымдастыру жұмыстары жүргізілді. 1929 жылы “Красный восток”, “Красный интернацонал”, “Кеңес”, “Қызыл еңбек” және басқа ауылшаруашылығы артельдері, яғни 31 ұжымдар ұйымдастырылды. 1930 жылдары Меркі қызылша кеңшары құрылды. 1932 жылы Меркі қант зауытының іргетасы қаланып, 1934 жылы 12 ақпанда пайдалануға берілді. Қант зауытының бірінші директоры К. А. Череватенко, одан кейін А. Я. Сенкеевич жетекшілік етті. Зауыт сол жылдардан бастап тоқтаусыз жұмыс істеп Меркі, Қордай, қазіргі Т. Рысқұлов аудандарында өндірілген қант қызылшасын өңдеп, халық тұтынатын шекер шығарып келді. 1990 жылдары бұл ірі кәсіпорын еліміздегі тоқыраудың салдарынан 7-ға жылға жуық уақыт тоқтап қалды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салихалы саясатының арқасында тоқтап тұрған ірі кәсіпорындар қайта жұмыс істей бастағанда Меркі қант зауыты да заман ағымына қарай – 2003 жылы өз жұмысын қайта бастады. Қазір мұнда 800-ге тарта адам жұмыспен қамтылып, тәулігіне 500 тонна шетелдік сары шекерді қайта өңдеуден шығарады. Аудан бойынша 2000 гектар жерге қызылша егіп, қант қызылшасымен табиғи таза өнім өндіруде. Қазіргі май ірімшік зауыты алғаш “Союз молоко” атымен құрылып, жұмыс істеді. Оның бірінші директоры Ю.Акрамов деген азамат болған. 1932 жылы Меркіде алғаш рет дыбысы жоқ, 1936 жылы дыбысы бар кино көрсетіле бастады. 1896 жылы Меркіде қазақ-өзбек мектебі болған. 1934 жылы қазіргі Меркі астық қабылдау мекемесі құрылды. 1923 жылы “Тұтыну кооперациясының неселік серіктестігі” құрылды. 1934 жылы 15 қыркүйекте аудандық партия комитеті мен аудандық атқару комитетінің органы “Сталин жолы” газеті шыға бастады. Оның алғашқы редакторы Ш. Зайнуллин болды. Бұл газеттің атауы 1955 жылы “Коммунизм туы”, “Знамя коммунизма” болып екі тілде шығарыла бастады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін газеттің атауы тағы да өзгертіліп 1991 жылдан бері “Меркі тынысы” деп аталады. 1939 жылы Меркі әскери комиссияраты ұйымдастырылды. 1939 жылы 14 қыркүйекте Меркіде Ақтоған, Жаңатұрмыс, Жаңатоған, Мыңқазан, Кеңес, Қызыл таң, Қызыл октябрь, Ленин жолы, Меркі орыс, Меркі өзбек, Ново-Воскресеновка, Тәтті, Қызыл интернационал ауылдық поселкелік округтер құрылды. 1947 жылы Аспара ГЭС-і, 1956 жылы Меркі ГЭС-і салынды. 1941 жылы 22 маусымда Ұлы Отан соғысы басталып, ауданнан майданға 12 мың адам аттанды, соның ішінде 17 әйелдер бар еді. 2027 меркілік Отан қорғау жолында майданда қаза болды. Көптеген жерлес майдангерлер майдан даласында көрсеткен ерліктері үшін бірнеше ордендер мен медальдарға ие болды. Үш адам Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Олар П. Е. Толстов, В. И. Савва, С. А. Ларионов еді. Соғыс кезінде “Большевик” ұжым шары қант қылшасы мен астықтан мол өнім жинап, тапқан қаражатқа әскери ұшақ сатып алып майданға жіберді. “Кеңес” ұжымшары мемлекеттік банкіге 60 мың сом аударып, майдангер жауынгерлер үшін танкі жасатты. Самайын ақ шалған қарттар мен жас балалар, ақ жаулықты аналар уақытпен санаспай күндіз түні еңбек етті. Жоғарыда атап өткеніміздей Ұлы Отан соғысына ауданымыздан 12 мыңға жуық адам аттанып, олардың көпшілігі алғашқы кезеңде Брест қамалын қорғауға қатысты. Сол сияқты Панфилов дивизиясының құрамында болып, сол кездегі астанамыз Мәскеу түбінде кеудісін от пен отққа тосқан аласапыран шайқаста үлкен ерлік көрсетті. Ленинград блокадасынның қанды қырғынын бастан кешті. Ұлы Отан соғысына күтпеген бетбұрыс жасалған Сталинград шайқасында от-жалын ортасында жүрді, Украйна мен Белоруссия майдандарына қатысып, Днепр үшін болған ұрыста үлкен ерлік көрсетті, Киев пен Минск қалаларын жаудан босатып, Польша, Вергрия, Чехословакия, Югославия, Болгария жерлерін неміс басқыншыларынан азат етті. Меркілік майдангерлер арасында 1945 жылы 9 мамырдағы Ұлы Жеңісті Берлінде қарсы алғандар бар екенін мақтаныш етеміз. Жерлес майдангерлер туған жерге кеудесі толы ордендер мен медальдармен оралып, тылдағылар оларды айырықша қуанышпен қарсы алды. Алапат соғыс кездерінде нұрлы болашағымыз үшін жан беріп, жан алысқан, батырлық пен қайсарлықтың нағыз үлгісін көрсетіп жауды жер жастандырған, сөйтіп мерейі үстем боп елге аман есен оралған, бірнеше ордендер мен медальдардың иегері атанған Үмбетов Оспан, Ыдырысов Қайсарбай, Айнақұлов Әбдез, Нарматов Артықбай, Хасенов Шамар, Дүйсенов Қаламбай, Есікбаев Ақмолда, Қозыбағаров Дәуіт, Горащенко Алексей Елесеевич, Черноков Петр Павлович, Аманбайев Өміралы, Миралиев Балтабай, Медетбеков Өмірбек, Қаныбетов Спан, Шырышбаев Алпысбай және тағы басқа көптеген ағаларымыздың есімдерін құрметпен атауға болады. Аллатағала майдан даласынан қайтпай қалған әкелеріміздің, ағаларымыздың көзіндей болған осы бір соғыс ардагерлері ағаларымыздың есімі ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса түсетіні анық. Соғыстан кейінгі жылдары экономикасы құлдыраған шаруашылықтар еңсесін қайта көтере бастады. Олардың басы-қасында өз ісін жетік білетін жетекші басшылар болды. Жоғарыда атап өткеніміздей негізі 1923 жылы қаланған “Тұтыну кооперациясының несиелік серктестігі” жыл өткен сайын дами түсті. Кейіннен аудандық тұтынушылар Одағы болып құрылған бұл мекемені 1950- жылдары И. М. Черкис төраға болып келгенде қатты дамыды. Меркінің сауда мекекмелері Республика, Одақ көлемінде тауар айналымының жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізді. Бірнеше мәрте Одақтың, Республиканың ауыспалы Қызыл Туына ие болды. 1960 –1980 жылдары И. М. Черкистің басшылығымен Меркі өңіріне үлкен-кішісі бар 109 дүкен салынды. Оның ішінде үш қабатты “Меркі әмбебап” дүкені, “Қазақстан” мейрамханасы “Балалар әлемі” дүкені және тағы басқа сауда орындары ашылды. 1958 жылы қызылша мен астықтан аудан еңбеккерлері мол өнім алғаны үшін көптеген еңбек адамдарына КСРО жоғарғы Кеңесі Призидиумының шешімімен Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. 1950 жылдары ұсақ шаруашылықтар ірілендіріліп, 8 ұжымшар, 7 кеңшар құрылды. 1954 жылы Аспара кеңшары, 1956 жылы Ойтал мал бордақылау кеңшары ұйымдастырылды. 1950 – 1960 жылдары ірілендірілген шаруашылықтардың экономикасы жыл өткен сайын жақсара түсті. Өйткені бұл шаруашылықтарды өз ісін сүйіп атқаратын, жетік білетін басшылар жетекшілік етті. Атап айтқанда О. Үмбетов, Н. С. Хегай, Б. Қырғызбаев; Н. Торғаев, В. Мельниченко, В. Пономаренко, Б. Штанг, Қ. Көксалов, Қ. Ыдырысов, А. Нарматов, М. К. Шандаренко, А. Әспетов, Ә. Әбесов басшылық жасаған тұста шаруашылықтардың экономикасы шарықтады десек артық айтқандық болмас. Меркі аудандық партия комитетінің бірінші хашылары А. Асқаров, Қ. Жүндібаев, Р. Медеулов, Ә. Исмайлов, Н. Торғаев, Р. Асадуллин, Е. Сауранбаев, А. Шупта, Қ. Баймағамбетов, аудан әкімдері Ө. Қырғызбаев, Ә. Жолшыбеков, Т. Мүсіралиев, Б. Сауранбаев, С. Громов, Б. Қарашолақов, Б.Рысмендиев, С.Жұмағұлов, Б.Көпбосынов, М.Өмірбеков өзіндік үлес қосқандықтарын айта кеткен жөн. Ауданда жыл өткен сайын халықққа мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету жақсара түсті. Оқу-ағарту, денсаулық сақтау жұмыстары да жаңа талапқа сай жолға қойылды. Елді мекендерді айтпағанның өзінде аудан орталығында 6 орта мектеп, 3-4 қабатты орталық аурухана 2 қабатты Мәдениет үйі, балалар мен жасөспірімдердің “Үміт” сарайы, аудандық орталық мұражай, А. Асқаров атындағы стадион, демалыс саябағы. Орталық аудандық кітапхана, тұрмыс қажетін өтеу үйі тұрақты жұмыс істеп келді. Кезінде, “Меркі әуендері” ұлттық этнографиялық халық аспаптар ансамбілі Португалияның Санте-Ремо қаласында бүкіл дүниежүзілік байқауға қатысып жүлдегер атанды. Бұл өнер ұжымы сондай-ақ Франция, Швецария, Италия елдеріне гастрольдік сапарға шығып, әлемдік өнер сүйер қауымының қошеметіне бөленді. Еліміз Мемлекет өміріндегі ең қиын қалыптасу кезеңінен сүрінбей өтті. Қазіргі шақта аудан еңбеккерлері азық-түлік молшылығын жасау үшін мал шаруашылығы мен егін шаруашылығына баса көңіл бөлінуде. Нарық заманында өнеркәсіп орындарын тиімді пайдалану қазіргі басты мақсат болып отыр. Кіріс пен шығысқа баса назар аударылып, ішкі резервтерді дұрыс пайдалану нәтижесінде “Меркі  ірімшік” зауыты өз өнімдерін сапалы шығарудың нәтижесінде Республика, халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Қазіргі таңда “Меркі   ірімшік” зауытының 70-ке жуық өнімі мемлекетке сатылады. Ауданда шағын бизнесті дамыту барысында елді мекендерде жанар-жағар май құю станциялары жұмыс атқарады.  Олардың арасында КСРО жазушылар Одағының мүшесі, ақын Рахымбай Құлбаев, Сорос сыйлығының иегері физика – математика ғылымдарының докторы, Қарағандыдағы қолданбалы математика институтының директоры болған Төленді Мұстафин, Өсбекстан Ғылым Академиясының академигі, Лениндік сыйлықтың иегері, биология ғылымының докторы Ялхын Хамматұлы Тұрақұлов, формацевт ғылымының докторы Илхам Исқақұлы Исқақов, филология ғылымының докторлары, профессорлары ҚазМУ-дің журналистика факультетінде 16 жыл декан болған Темірбек Қожакеев, ҚазМУ-дің проректоры Намазалы Омашов, медецина ғылымының докторы Төлеген Егембердиев, Қазақстан Республикасы ұлттық ғылым академиясының коореспондент мүшесі, медецина ғылымының докторы Мустафа Рысұлы, физика – математика ғылымының докторлары Есен Қалметұлы Әлібаев, Берік Бәкірбаев, тарих ғылымының докторы Сырғалбай Нарматов, сазгер Дүнгенбай Ботпаев, Қазақстан халық әртісі Гүлжан Әспетова, Қазақстан және Қырғызстанның еңбек сіңірген халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, Мәкен Райысқанова, Бағдат Сәмединова, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Шырын Мамасерікова және басқалар ауданымыздың мақтаныштары. Меркіден шыққан ел басқарған Мемлекет және қоғам қайраткерлері, облыс, аудан басшылары да аз емес. Кезінде, Қазақстан Үкіметін басқарған Министрлер Кеңесінің төрағасы Мәсімхан Бейсебаев, Қазақстан Компартиясы Саяси Бюросының мүшесі болған Жамбыл, Алматы, Шымкент облыстарының бірінші хатшысы болған Асанбай Асқаров, Алматы облысы, Іле ауданының бірінші хатшысы болған Бекболат Бірбаев, Тұрар Рысқұловтың сенімді серігі атанған Шелек аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Алматы облыстық партия комитетінің ұйымдастыру – партиялық бөлімінің меңгерушісі болған Бекей Байғанаев, Қазақстан Республикасының коммуникация және көлік министрі қызметін атқарған Серік Бүркітбаев, Қазақстан Республикасының Ішкі Істер Министрі Бауыржан Мұхамеджанов, Республикаға танымал “Сымбат” Академиясының Президенті Сабыркүл Асанова, Жамбыл облыстық партия комитеті хатшысы болаған Әлмұхан Исақов Меркі жерінде өсіп-өніп, ел жұртына қызмет атқарған азаматтар. Ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруде мол жетістіктерге жеткені үшін Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған Совет Рахимов, Тамара Абдуллаева, СССР Жоғарғы Кеңесіне екі мәрте депутат болып сайланаған қызылшашылар звеносының жетекшісі Тұрсын Байназарова, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Жамал Омарова, Ханшайым Омаровалардың есімін ілтипатпен атап өтуге болады. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығына ие болған Галина Асташкина №74 мехколонна эксковаторшысы Александр Шекера, қызылшашы Бүбісара Мұхамедиева, Бүкіл Одақтық Паша Ангелина атындағы жүлденің иегері, механизатор Күләйша Қалдарбаева, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері механизатор Жеңіспек Манатовтардың есімдері ауылшаруашылық саласында ұмытылмастай белгі болып қала береді. Меркі ауданының өсіп-өркендеуіне қомақты үлес қосқан, осы ауданнан шыққан 54 Социалистік Еңбек Ері бар. Олардың қатарында Асанбай Асқаров, Байжүніс Көкебаев, Лев Давыдович Шихваргер, Иван Павлович Ращупкин, Аманжол Тұрғынбаев, Оңалбай Келдеубаев, Советбек Рахымов, Ошақбай Ыбраймов, Рзабай Шаңбаев, Тамара Абдуллаева және тағы басқалар. Меркі ауданы сонғы жылдары өзінің бұрынғы атақ-даңқын қайтадан қалпына келтіру үшін көрікті, сәулетті елді мекенге айналуда. Аудан орталығында және елді мекендерде жыл сайын жаңа құрылыстар бой түзеп, сәндене түсуде. Меркіге кіре-беріс жердегі “Меркі қақпасы” келген қонақтарға “қош келіпсіздер” дегендей ерекше бір сезім тудырғандай болады. Бүгіндері, яғни соңғы жылдары аудан орталығы мен елді мекендерде біраз құрылыс жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда “Қарға батыр” ауылында орта мектеп, “Меркі” қонақ үйі жанындағы дарынды балалар оқитын мектеп, Савва мектеп интернатында 200 орындық асхана, көптен бері істен шығып, тұрғындардың, әсіресе оқушылардың жүріп тұруын қиындатып келген, Меркі өзенінің бойындағы көпір қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді. Мектеп пен көпірді Меркінің түлегі “Трансстроймост” АҚ бас директоры Александр Владимирович Рязанов өз демеушілігімен тегін салып берді. Тәтті ауылындағы тозығы жеткен клубты демешілердің көмегімен күрделі жөндеуден өткізіліп, халықтың игілігінге пайдалануға берілді. Кеңес ауылындағы клубты күрделі жөндеуге аудандық бюджеттен 2 миллион 700 мың теңге бөлініп, ол пайдалануға берілді. Сұрат ауылында екі қабатты дүкенді кәсіпкер М. Бакаев кезінде сатып алған еді, сол дүкенді бұл азамат ел-жұртқа тегін қайтарып берді. Тозығы жеткен бұл дүкенді көпшілік орнына айналдыру мақсатында Қостаған ауылына өз демеушілігімен көрікті мешіт салып берген Төребек Төреханов алты миллионға жуық қаражат шығарып, жөндеп берді.

    Меркі ауданы Қазақстан Республикасының басқа елді мекендері сияқты мәдениеті мен экономикасы өркендеген аймақтың бірі. Бүгінде ауданда 14 ауылдық, кенттік округ, 44 елді мекен бар. Онда 84,3 мың халық тұрады. Оның ішінде 30-дан астам ұлт өкілдері бір жағадан бас, бір жеңінен қол шығарып, қоян-қолтық өмір сүруде. Осында тұрып жатқан халықтың 73,4 пайызы қазақтар, 7 пайызы орыстар, 8 пайызы түріктер, 4,2 пайызы азербайжандар, 2,3 пайызы өзбектер, 0,50 пайызы күрдтер, 0,40 пайызы немістер, 0,15 пайызы корей, 4 пайызы басқа ұлттар өкілдері тұрады.

    2005 жылы ауданда 4 млрд. 170 млн. ауылшаруашылық өнімдері өндірілді, оның ішінде егін шаруашылығы бойынша 2 млрд. 895 млн. теңгенің, мал шаруашылығы бойынша 1 млрд. 275 млн. теңгенің өнімі өндірілді Ірі қара малға арналған 23 мал ұрықтандыратын пункт жұмыс істейді. 2005 жылы ауданда 44077 центнер ет, 1744 мың дана жұмыртқа, 240580 центнер сүт өндірілді. Әр сиырдан сауылған сүт мөлшері 2691 келі. Ауданда орташа есеппен жылына 50338 гектар ақ егіс орылып, 113764,0 тонна өнім жиналады, жиналған өнім әр гектарға шаққанда орта есеппен 22,6 центнерден айналады. Сондай-ақ ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерді қолдау мақсатында ауданда несие серіктестігі құрылған, оған «Меркі несие серіктестігі» ЖШС деген атау берілді. Серіктестіктің құрылтайшылары 41 агроқұрылымдары, жарғылық қоры 22 млн. теңге. Осы серіктестік арқылы ауылшаруашылық өнімін өндірушілер «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы барлығы 30 млн. 270 мың теңге несие алды. 2003-2005 жылдар аралығында ауданда ауылшаруашылық техникаларын лизинг және тікелей келісім-шарт арқылы барлығы 25 астық комбайыны және 19 доңғалақты трактор алынды

    Кәсіпкерлік саласында аудан көлемінде 2017 жылы 4175 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген.

    2017 жылдың қаңтар-желтоқсан айларына ауданның өнеркәсіп саласындағы өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 16 млрд. 624 млн. теңгені құрады. 2016 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында бұл көрсеткіш 33 млрд. 455 млн.теңгені құрады.

    Ауданда негізгі өнім көлемін келесі кәсіпорындар құрайды: «ЦАСК» ЖШС Меркі филиалы, «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС, «Айя Сервис» ЖШС, «Севиль Мерке Строй» ЖШС.

    2017 жылы аудан аумағында азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру мақсатында, 13 рет ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкелері ұйымдастырылды.

    «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2017 жылы             426 миллион 400 мың  теңгеге 16 кәсіпкерлер 12,5 және 19% аралықтарында несие алды, оның 10% мемлекет тарапынан, яғни «Даму» кәсіпкерлекті қолдау қоры» АҚ арқылы субсидияланып, кәсіпкерлер әрі қарай өз бизнесін дамытуда.

    «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың біріңғай бағдарламасы аясында өндірістік инфрақұрылымды дамыту бағытында «Совет» шаруа қожалығына жалпы құны 15 млн. теңгені құрайтын 1 жоба және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері бойынша кепілдік беру бағыты бойынша        1 жоба іске асырылды.

    Туризм саласы бойынша Меркі ауданында 38 монументалдық, сәулеттік және құрылыс ескерткіштері және 9 қонақ үйі (сыйымдылығы 236 төсек орын) және 1 «Turan» демалыс аймағы (сыйымдылығы 21 төсек орын) жұмыстар атқаруда.  Радонды сумен емдеуге арналған «Меркі» (сыйымдылығы 430 төсек орын) және «Ақ ниет» (сыйымдылығы 100 төсек орын) шипажайлары аудан тұрғындары мен еліміздің басқа өңірлерінен келген туристерге мен қонақтарға қызмет көрсетуде. Жоғарыда аталған шипажайлар мен қонақ үйлерде жалпы келушілерді орналастыратын орындардың бір жолғы сыйымдылығы бүгінгі күні 782 төсек орынды құрап отыр. Жеке кәсіпкерлердің қаржыландыруымен 2016 жылы төмендегі жобалар іске асты:

    – Жобалық құны 40 млн. теңгені құрайтын «Turan» демалыс аймағы. Ашылған жаңа жұмыс орны 15 адам.

    – Болат Тоқтаханұлы Рахымбаевтың қаржыландыруымен жоба құны шамамен 1 млрд. теңгені құрайтын 3 қабатты сауда және ойын сауық орталығы аудан орталығынан бой көтеріп, 2016 жылдың қазан айында ашылды. Жоба аясында 300 жаңа жұмыс орны ашылды.

    Ал, 2017 жылдың инвестициялық жобаларына келер болсақ:

    – Меркі тау шатқалы аумағында туристерге арналған демалыс және спорт кешендері желісін дамыту мақсатында жеке кәсіпкер Б.Байдалықызының қаржыландыруымен жоба құны шамамен 50 млн. теңге көлемінде фитнес орталығы ашылды.

    – Жеке кәсіпкер Айжан Түйтебаева Меркі тау шатқалынан екі қабаттан тұратын киіз үйлі этно қалашықтың құрылысын бастап кетті. Бүгінгі күні жерді тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны 45 млн. теңгені құрап жаңа 12 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

    – «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» Халықаралық көлік дәлізі бойындағы жол сервистік нысандар желісін дамыту үшін жеке кәсіпкер Арман Баймуханбетовке «Жылы-Бұлақ» ЖШС жерінен «А» категориялы кемпинг құрылысын жүргізу үшін 7,5 гектар жер учаскесі берілді. Жоба құны шамамен 700 млн. теңге көлемінде. Құрылыс жұмыстарының басталуы 2018 жылдың ІI жартыжылдығы деп жоспарлануда.

    Сондай, ақ «Са-Ба ЛТД» ЖШС-гі «Шағын мұнай өңдеу зауытын қайта жаңғырту» жобасын 2019 жылы іске асыруды жоспарлап отыр. Жобаның құны –   662 млн. теңге. Жоба іске қосылған кезде жаңа 70 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

    Сонымен қатар 2017 жылдың ІІ жартыжылдығында жеке кәсіпкер             Абзал Абишев Андас Батыр ауылдық окрігіне қарасты Гранитогорск елді мекенінде «Шағын балық өңдеу зауытын» ашып, 25 адамды жұмыспен қамтып отыр.

    Ауданымызда жоғарыда атап өткеніміздей 38 білім беру мекемесі жұмыс атқаруда. Оның екеуі жалпы білім беретін орта мектеп-гимназия, 27 ЖББМ (жалпы білім беретін мектеп), 9 бастауыш мектеп. Бұл мектептерде 2018 жылдың 1 қаңтарында 15 710 оқушы білім алуда. Бұдан тысқары ауданымызда М.Маметов атындағы жалпы білім беретін мектеп жанындағы ентернат, аудандық сырттай оқытатын орта мектеп,  және бес қосымша білім беру ұйымы, атап айтсақ, балалар мен жасөспірімдер «Үміт» сарайы, №1 және №2 саз мектебі, «Аула» клубы, «Өркен» шығармашылық орталығы жұмыс атқаруда. Сонымен қатар ауданымызда 24 бөбекжай бақша, оның 16-ы мемлекеттік, 8-і жекеменшік және 11 шағын орталық бар. Бұл бөбекжай бақшасында 3367 бала тәрбиеленеді. Жоғарыда аталған білім мекемелерінің барлығы заман талабына сай компьютерлермен жабдықталып, интернет желісіне толығымен қосылған.

    Денсаулық сақтау саласы бойынша сөз ететін болсақ ауданымызда 55 емдеу мекемелері жұмыс істейді. Олардың ішінде аудандық орталық аурухана, аудандық орталық емхана, Андас батыр ауылдық аурухан, Андас батыр ауылдық емхана, Фтизиатриялық бөлім, 13 облыстық – дәрігерлік амбулатория, 8 фелшерлік-акушерлік пунктер, 19 медициналық пунктер, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының Меркі ауданындағы бөлімі, Меркі және Ақ ниет шипажайлары және жеке тұлғалардың иелігіндегі 4 стаматологиялық орталықтары мен қатар Сенім, Ақнұр және Лаура медицина орталықтары жұмыс істейді. Аудандық орталық ауруханасында 944 медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Оның ішінде 128 жоғары білімді дәрігер, 448 орта буын медицина қызметкерлері, 368 кіші медициналық пен басқа да қызметкерлер жұмыс атқарады.

    “2003-2005 Ауыл жылдарында” “Сұрат”, “Кеңес”, “Тәтті” ауылдарындағы клубтар күрделі жөндеуден өткізіліп, халыққа қызмет етуде. Бүгінгі таңда ауданда бір аудандық кітапхана, 26 ауылдық кітапхана жұмыс істейді. Барлық кітапханаларда 258 008 кітап қоры бар. Оның ішінде қазақ тіліндегі кітаптар саны 131385 дана. Халықтың жадында әрдайым ірі тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалар мәңгі сақталады. Сондай ірі тұлғалардың бірі Қырбасұлы Жауғаш батыр мен Әлібекұлы Сыпатай батыр. Бұл батырлардың ұлы ерліктері әрдайым өнеге келер ұрпаққа аңыз болып айтыла береді. Міне, осы екі батырға аудан басшылығы, жұртшылығы болып еңселі де биік ат үстіндегі ескерткіші жасалынып тұрғызылды. Еліміздің мәдениет саласын дамытуда басты назарда тұрған мәселелердің бірі тарихи – мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру және оларды қорғау мен тарихи құндылықтарымызды жаңғырту. Осыған байланысты Меркі ауданында “Мәдени мұра 2004-2006” бағдарламасы басшылыққа алынып, Ә. Марғұлан атындағы археология институтының келісім шарты бойынша ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілді. 2004 жылы жаз айында осы институттың ғылыми қызметкерлері Қырғыз Алатауының Меркі ауданына қарасты Сандық жайлауында экспедициялық жұмыстар жүргізіп, бұрыннан осы өңірге белгілі көне түркі ғибадатханасын көріп, тағы да сол тектес үш ғибадатханың орнын тапты. Көне түркілер Аралтөбе, Белсаз, Сандық, Сұлусай, Шөлсай, Сулысай,Сүйіндік, Шайсандық, Тоғансай, Қарасай секілді тау қыраттарын әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін өткізетін орын ретінде пайдаланып келгенін анықтады. Меркі ауылының С. Мұқанов атындағы көшесінің бойынан Х-ХІ ғасырларда жасалған қыш-құмыра мен 14 метрдей аралықта жерге төселген кірпіштер табылып, ол аудан орталығындағы мұражайға қойылды. Қазіргі таңда аудан орталығындағы базар маңында археологтар қазба жұмыстарын жүргізуде. Бұл жерден өткен ғасырлардан мирас болып қалатындай құнды дүниелер табылуда. Аудан орталығындағы музей 1984 жылы Мемлекеттік статусқа ие болған. Қазір онда 14 қызметкер жұмыс істейді. Музейде  6 зал, 6 экспозиция бар, ондағы экспонаттар саны — 13671.

     

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Меркенского района